Қостанайда кәріз суына техникалық май араласқан болып шықты

Қостанайда жаңбыр суы жиналатын кәріз құдығынан қара сұйықтық алынғаны туралы айтқан едік.

Мұнай өнімдеріне ұқсас сұйықтықты сараптамаға жіберген экологтар бүгін оның қорытындысын жария етті. Олардың айтуларынша, кәріз суына үлкен көлемде қолданылған техникалық май араласқан. Сол маңдағы мұнай өнімдері базасының оған еш қатысы жоқ дейді. «Автокөліктерден төгілуі мүмкін» деген жорамалды да жоққа шығарып отыр. Мамандар кәріз құдығынан ағып, сай-салада жиналатын су құрамын да тексерген. Ол жерлерде анықталған май көлемі көп емес.

«Тобыл өзені таза» деп отыр. Жаңбыр суы жиналатын құдықта техникалық майдың қайдан пайда болғандығы әзірге беймәлім. Бұл құдық қаланың ауыз су желісімен байланыспайды.

Зиада Бисақалова, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

- Біз бұл құдық кімге тиесілі екендігін, қандай мақсатта қолданылатындығын сұрап, жергілікті атқарушы органға хат жолдадық. Жауабын күтіп отырмыз. Оны бақылауда ұстайтын боламыз. Тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.