Мамандар Шымкенттің су басу қаупі басым аймақтарын әуеден бақылап қайтты

Шымкентте алдағы аптада нөсер жаңбыр жауады. Синоптиктердің болжамы осындай. Жауын-шашын толассыз жауса су қоймалары мен өзендер арнасынан шығуы мүмкін. Қатердің алдын алу үшін мамандар шаһар айналасында су басу қаупі бар деген аумақтарды тікұшақпен бақылап, тексеріп шықты.

Көктем шығысымен Шымкентте елең-алаң кезең басталады. Бұл мезгілде шаһарда жауын-шашын мол жауып, су айдындары мен өзендер кез келген уақытта тасып, үйлерді су басуы мүмкін. Табиғаттың тосын мінезінен мұндай келеңсіз жағдай қалада талай рет тіркелген. Алайда Төтенше жағдайлар департаменті бұған дайындықты күшейтіп, алдын ала әзірленген.

Аманбек Бисенбаев, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:

- Бес мың қаппен инертті заттар дайындалған. Одан бөлек 18 тонна құм дайындалған. Егер қауіп төнген жағдайда жеке құрам 992 адаммен 60 мотопомпа бүгінгі таңда күштер мен құралдар дайындыққа келтіріліп тұр. Кез келген жағдайда олар жедел түрде іс-әрекет жасауға дайын. 

Шымкент қаласының аумағында 4 су қоймасы бар. Қазір бұл нысандар 80 процентке дейін суға толып тұр.

Мамандардың айтуынша, бұл қалыпты жағдай көрінеді. Биыл жыл басынан бері жауын мөлшері мол түскен. Су қоры да жеткілікті. Алайда бұған жергілікті жұрт алаңдамайды.

Бекмырза Мырзабеков, қала тұрғыны:

- Бұрын қауіп төнген. Осыдан бір 5-6 жыл бұрын. Кейін алдының бәрін жөндеп бетондап, бәрін жөндеп қойды. Биыл судың деңгейі көтерілген. Жауын көп болды. Көп болғанымен ешқандай қорқыныш жоқ. 

Құтқарушылар қауіп әсіресе шағын су айдындары мен тоғандардан екендігін жасырмайды. Мәселен, бір ғана Бадам өзенінің өзінде 6 жерде басу мүмкін бөліктері бар.

Аманбек Бисенбаев, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:

- Шымкент қаласында құлақтандыру жүйесі ай сайын бізде жоспарлы түрде тексеруден өткізіліп отырады. Осы өздеріңіз көріп отырған Текесу су қоймасында да құлақтандыру жүйесі орнатылған. Төменгі Текесу ауылында 300 үй бар. 600 халық тұрады. Егер Қандай да бір төтенше жағдай орын алған жағдайда құлақтандыру жүйесі арқылы хабарлама жасаймыз. 

Дәл қазір қалада су басу қаупі жоқ. Оған мамандар әуеден бақылау жұмыстары кезінде көз жеткізді. «Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды» дейді құтқарушылар. Кенет жаңбыр шелектеп жауса жағдай қиындауы мүмкін. Айта кету керек, былтыр Шымкентте 30-дан астам үй су астында қалған еді. 

Руслан Бақытбекұлы, Рауль Ғабитов, Нұрмахан Мұсатов