Балқаш ауданында қамысты алқап өртенді

Алматы облысының Балқаш ауданында қамысты алқап өртенді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызыл жалынның қарқын алғаны сонша, тіпті шаруа қожалықтардың аумағына өтіп кеткен. Салдарынан демалыс аймағындағы су көлігі және бір ғимарат отқа оранды. Облыстық Төтенше Жағдайлар Департаменті өкілдерінің мәліметінше құрғақ шөптің жануы 12 сәуірден басталып үш ауылдық округті қамтыған. Қазір Желтораңғы, Ақкөл, Жиделі ауылдық округінде өрт сөндіріліп жатыр. Қауіптің алдын алу мақсатында әуеден барлау жұмыстары жүргізілді. 

Ерлан Ахашов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Өрт орнына Балқаш ауданы Қапшағай қаласы өрт сөндіру бөлімдерінен 18 қызметкер мен 5 техника шыққан. Жану орнына дейінгі қашықтық – шамамен 200 км. Барлығы үш ошағы бар. 20 га жану ошағы сағат 10,30 сөндірілген. Екінші және үшінші жану ошақтары әлі жалғасуда.