Қостанай облысында жолды мұз басып қалды

Қостанай облысында Алматы-Екатеринбург бағытындағы республикалық жолды мұз басып қалды. Соның кесірінен Сарыкөл ауданындағы күре жолдың бес жүз метрдей аумағы жабылды.

Көлден алқап арқылы келіп, жол бойымен қозғалған мұзды куәгерлер видеоға түсіріп алды. Табиғаттың дүлей күшіне электр бағандары шыдас бере алмай құлап түскен. Мұздың биіктігі бес метрге дейін жетіпті. Қазір жолды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Автокөлік қозғалысы бүгін толық ретке келтірілуі тиіс. Мұздың былайша көшуіне қатты соққан жел себеп, дейді мамандар.

«Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының басшысы:

- Бұл Севастополь кентінің жанында болған оқиға. Сондағы көпір былтыр салынған. Оның астындағы су оңнан сол жаққа қарай ағады. Күні кеше ағынға қарсы соққан қатты желден Вишневый көліндегі мұз көтеріліп, жолға шығып кетті. Қазір бұл аумақ арқылы жеңіл көліктер қатынап жатыр. Ал кешке жүк көліктері үшін ашық болады.