Батыс Қазақстанда жол апаттарынан тағы екі адам қаза тапты

Батыс Қазақстан облысында өткен демалыс күндері жол апаттарынан тағы екі адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, бірінші оқиға 17 сәуір күні сағат 20:00-де Самара-Шымкент жолында болды. 21 жастағы жүргізуші «Ауди-80» автокөлігімен келе жатып, жолдағы шұңқырды айналып өтемін деп, рөлге ие бола алмай, аударылуға жол берді. Соның салдарынан автокөлікте отырған жолаушылар зардап шекті. 1966 жылғы әйел адам Орал қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілгенімен, көп ұзамай көз жұмды. 1996 жылғы әйел мен 2018 және 2020 жылғы кішкентай балалар түрлі жарақат алды.

18 сәуір күні сағат 03:00-де Орал-Кирсанов жолының 13-шақырымында Бәйтерек ауданы Володар ауылы тұсында жол апаты болды. 1973 жылғы жүргізуші «Форд Галакси» автокөлігімен ер адамды қағып кетті. Полиция қызметкерлері жаяу жүргіншінің 1959 жылғы тұрғын екендігін анықтады. Ол жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болды.