Маңғыстауда жағалауда қимылсыз жатқан итбалық құтқарылды

Итбалықтың 1 айлық күшігі өздігімен тамақ жеуге дағдыланып келеді. Каспийден ауланған майшабақ бастапқыда ет тартқышта майдаланып берілсе, қазір сүтқоректі түтікше арқылы жемделеді. Құнарлы тағам жеген соң салмағы 10 келіге жетіп қалды. Орталыққа түскен кезде бар-жоғы 4 келі болған.

Медет Хайрушев, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының инженері: 

- Күніне бес мезгіл сондай уақытта берілетін тамақтары бар. Қазір енді жағдайы келгендегіден жақсы. Өзінің сондай графигі бар. Азғантай дәрісі бар берілетін. Витамині бар. 

Жалпы итбалықты қолға үйретпеген дұрыс. Өйткені адамдарды жиі көргесін өз бетінше өмір сүруге бейімделуі қиынға соғады екен. Сондықтан кішкентай сүтқоректі тәуліктің басым бөлігінде осындағы бассейнде ұсталады. Жүзіп үйренген соң теңізге жіберілуі керек.

Нұрлан Әшімбаев, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының жоғары ғылыми қызметкері:

- Итбалық біздің орталықта шамамен 2 ай уақытқа дейін болуы керек. Сол уақыт ішінде ветеринар дәрігерлеріміз медициналық көмек көрсетеді. Яғни салмағы артып, жағдайы жақсарғанша бақылауымызда болады.

Ақтаулық табиғат жанашырлары жағдайы жақсарған итбалық күшігін келер аптада еркіндікке қоя бермек. Жалпы Каспий итбалығы 2020 жылы Қазақстанның қызыл кітабына енгізілгені мәлім. Елімізге теңіз арқылы шекаралас 4 ел бұрыннан қорғауға алған. Соңғы 100 жылда олардың саны 1 млн 100 мыңға азайып кеткені ресми айтылады.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев