Баланың үстіне ойыншық мүсіннің құлауы оқиғасы бойынша тергеу жүріп жатыр

Полиция Алматыдағы «Mega» ойын-сауық орталығындағы оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта бұл деректі Бостандық аудандық полиция басқармасы тергеп жатыр.

«Қазір баланың алған жарақаттарының ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Аталған іс өндірісі сараптама қорытындысы дайын болғаннан кейін жалғасып, қандай шара қолданылатыны белгілі болады», - деп хабарлады полициядан.

Оқиғаға қатысты «Mega» ойын-сауық орталығының баспасөз қызметі де түсініктеме берді.

«Marwin» дүкенінде болған оқиға, әрине өкінішті. Біз өз тарапымыздан ойын-сауық орталығында орналасқан, оның ішінде «Мarwin» дүкеніндегі барлық конструкция мен заттардың берік орнығуын қайта тексереміз», - делінген хабарламада.

Дүкендер желісінің бас директоры Вадим Голенконың айтуынша, зардап шеккен балаға барлық көмек көрсетіліп жатыр.

«Біздің техникалық қызметкерлер ойыншық-мүсінді алып, оның құлау себебін анықтап жатыр. Бұған қоса біздің дүкендегі осыған ұқсас барлық фигуралар алынып тасталды. Баланың ата-анасымен тұрақты байланыстамыз және денсаулығы қалыпқа келгенше барлық көмек көрсетуге дайынбыз. Қазір бала үйінде», - дейді дүкен өкілі.

Айта кетейік, Алматыдағы «Мега» СОО-да баланың үстіне ойыншық мүсін құлап кеткен болатын. Салдарынан кішкентай баланың миы шайқалды.