Алматыда автобус пен тепловоз соқтығысты

Автобус жүргізушісі теміржол бойымен келе жатқан тепловозбен соқтығысты, деп хабарлады Tengrinews.kz.

Желіде тараған видео кадрларынан зақымданған автобус пен тепловоз жолды бөгеп, қозғалысқа кедергі келтіріп тұрғаны көрінеді. Видео авторы жолдағы жағдайды басқа жүргізушілерге ескерткен.

Алматы полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері апат 27 сәуірде сағат 09:30-да Бекмаханов көшесі 81-үйге қарама-қарсы жолда болғанын айтты.

«74 нөмірлі ЛиАЗ маркалы автобус жүргізушісі Бекмаханов көшесімен батыс бағытта келе жатып, оңтүстік бағытта рельспен келе жатқан тепловозбен соқтығысқан. Апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Фактіні Түрксіб аудандық ПБ қызметкерлері тексереді», - деді Алматы қаласы ПД анықтау басқармасының бастығы полиция майоры Олжас Шәріпов.