Таразда әйел адам синтетикалық есірткі сақтағаны үшін ұсталды

Тараз қаласында әйел адам есірткі сақтаған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары жедел іздестіру шарасы барысында 26 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Оның сөмкесінен 4 грамм синтетикалық еліткіш зат табылды. Аталған дерек бойынша тергеу жұмыстары басталды. Күдікті үш жылдан жеті жылға дейінгі бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Оралда жеке тұрғын үй отқа оранды. Өрт сөндіруге жиырмадан астам адам мен 8 бірлік техника жұмылдырылған. Әйткенмен, қызыл жалын 120 шаршы метр аумаққа таралып үлгірген. Тілсіз жауды сөндіруге бір сағаттай уақыт кеткен. Үйде болған зейнеткер қан қысымымен ауруханаға жеткізілді.

Бейбіт Қалимолдин, БҚО ТЖД басқарма бастығының орынбасары:

- Өрттің шығу себебі қазіргі уақытта анықталуда. Өрттің істері Орал қаласының полиция басқармасына жолданатын болады.

Түркістан облысында киік атқан браконьерлер ұсталды. Рейд барысында полицейлер күмәнді мотоцикл жүргізушісі мен жолаушысын тоқтатқан. Тексеру нәтижесінде олардың заңсыз аң аулағаны белгілі болды. Браконьерлер 8 ақбөкен атқан. Олардан бір аңшы мылтығы мен 14 дана киік мүйізі тәркіленді. Күдіктілер Созақ ауданының тұрғындары екені анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ұлықбек Мылтықов, Түркістан облысы ПД ЖПҚ бастығы:

- Қазіргі кезде осы екі азаматқа ҚК 337-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Облыс тұрғындарын Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктерге құрметпен қарауға шақырамыз.

Әлеуметтік желіде петропавлдық полицейлердің көшеден көлікті тоқтатып, екі адамды тұтқындап жатқан видеосы тарады. Бұл оқиғаға қатысты қалалық полиция басқармасы ресми мәлімдеме жасады. Тәртіп сақшылары мас жүргізушіні ұстаған. Осы кезде көліктегі жолаушы қарсылық көрсеткен. Ол да алкогольдік ішімдік ішкені анықталды. Полицейлер оған күш қолдануға мәжбүр болған. Ұсталған екі күдіктіге де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.