Алматыда құдыққа түскен жұмыскерлердің улануына қатысты болжам айтылды

Алматыда жанармай бекетінің үш қызметкері уланып қалды. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті оларды метан газынан уланды деген болжам айтып отыр.

Айта кетейік, кеше кешкілік үш азамат судың есептеу көрсеткіштерін алу үшін жанармай бекетінің аумағында орналасқан су желілері бар құдыққа түскен. Сол жерде жағдайлары нашарлаған оларды республикалық жедел-құтқару жасағы, қалалық «109» құтқару қызметі мен жедел жәрдем бригадасының өкілдері құтқарып алды. Есінен танғандар жақын жердегі ауруханаға жеткізілген. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, олар ауруханаға естерін жоғалтып, мидың зақымдану клиникалық белгілерімен түскен. Мәселенің мән-жайы тиісті зерттеуден соң белгілі болады.  

Руслан Қасыбаев, қалалық ТЖД басшысы:

- Авариялық құтқару жұмыстарын жүргізу барысында құтқарушылар зардап шеккен үш адамды альпинистік құралдармен шығарып алды. Дереу жақын маңдағы көп салалы клиникалық ауруханаға жеткізіліп, зардап шеккендер барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді.