Атырау облысында төрт айлық сәбиді анасы пышақтап өлтірді

Атырау облысы Құрманғазы ауданында 4 айлық нәрестені туған анасы пышақтап өлтірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жантүршігерлік жағдай Көптоғай ауылында болған. Перзентінің кеудесіне бірнеше жерден пышақ сұққан шешесі қазір қамауға алынды. Шақалақты шыңғыртып жатқанын естіген көршілері полицияға хабарлаған. Дереу жеткенімен тәртіп сақшылары жас сәбиді құтқаруға үлгере алмапты. Бүгін анықталғаны, оқиға болған кезде отағасы жұмыста жүрген. Психолог мамандар сәбидің анасы босанған соң күйзеліске ұшыраған болуы ықтимал дегенді айтады. Нәресте сол отбасының тұңғышы екен.

Мейірім Ердәулет, Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы:

- 26 сәуірде Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылында дене жарақатымен 4 айлық нәрестенің мүрдесі анықталды. Іс бойынша 1979 жылы туған күдікті анықталып, КПК-тің 128 бабының талаптарына сәйкес ұсталып, уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.