Алматыда ыстық су құбыры жарылды

Алматыда шағын аудандардың бірінде ыстық су құбыры жарылды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Құбырдан ағып жатқан ыстық судың видеосы әлеуметтік желіде пайда болды. Қаланың ТҮКШ жылуэнергокешені кәсіпорнының ресми өкілі Ян Гириннің айтуынша, апат «Жетісу-3» шағынауданында болған.

«Апаттық бригада жұмысшылары бір сағат ішінде жарылған құбырды қалпына келтірді. Зардап шеккендер жоқ», - деді Ян Гирин.

Жөндеу жұмыстарына байланысты 10 көпқабатты үйдің тұрғындарына басқа су құбыры арқылы ыстық су берілді.

«Апаттың себебі – 1998 жылы пайдалануға берілген 150 мм диаметрлі жылу желісінің тозуы. Мұндай құбырлардың пайдалану мерзімі шамамен 40 жыл болатын. Ал мұнда төселген құбырлар 25 жылға арналған. Бүгінде Алматыда жылу жүйелерінің тозуы 62,4% құрайды», - деп нақтылады ол.