Алматыда үш жасар баланы жүк көтергіш көлік қағып, мерт қылды

Алматыда 28 панфиловшылар саябағында үш жасар баланы жүк көтергіш ауыр көлік басып кетті, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, бұл дерек Медеу аудандық полиция басқармасында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 104-бабы «Абайсызда өлімге әкелу» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

«Өкінішке қарай, үш жасар бала алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Арнайы техниканың тізгінінде 1970 жылы туған У. есімді азамат болған. Тергеу басталды», - деп хабарлады полициядан.

Оқиға саябақтағы шіркеу маңында болған. Сол ауданда аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.