Алматыда аудандық соттың судьясы парамен ұсталды

Алматыда Медеу ауданының судьясы Светлана Жолманова ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Қалалық соттың баспасөз қызметі оның қызметтік кабинетінен 10 мың АҚШ доллары табылғанын хабарлады.

Бұған дейін әлеуметтік желіде судьяның кабинетінен 4,5 мың, үйінен 2 миллион 800 мың және көлігінен 600 мың доллар табылды деген ақпарат тараған еді. Алайда қалалық соттың баспасөз қызметі бұл мәліметті жоққа шығарып отыр. Үйінен ешнәрсе алынбағанын айтты. Жоғарғы Сот төрағасының өкімімен судья Жолманованың өкілеттігі тоқтатылғаны белгілі болды.

Абай Жарылқасын, Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы:

- Ұсталған судьяға қатысты ҰҚК департаменті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлімі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Бас прокурордың сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуге рұқсаты бар. Ұсталған судья мүдделі тұлғаларға олардың пайдасына шешімдер қабылдауға көмектесуге байланысты алаяқтық іс-әрекеттерді жасады деп күдікке ілінген.