Алматыда медбике вакциналау паспортын сатпақ болды

Алматыда медбике адамның вакциналаудан өткенін растайтын электронды паспорт сатпақ болған.

Құжатты 15 мың теңгеге бағалапты. Дәрігермен келісіп, «екпе салынды» деген мәліметті біріңғай ақпараттық жүйеге енгізіп беруге уәде еткен. Медбикенің өзі екі жылдан бері декреттік демалыста отырған болып шықты. Қазір осы оқиға бойынша қызметтік тергеу басталды.

Қоғамдық денсаулық басқармасыныңың мәліметінше, медбике ұсынған электрондық паспортты ешкім алып үлгірмеген. Қазір барлық медициналық ұйым, ақпараттық жүйелер мен мәліметтер базасы тексеріліп жатыр. Ал қос бірдей медицина қызметкері жұмыс істейтін емхананың бас дәрігері әзірге қызметінен шеттетілді.

Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Аталмыш дерек соталды бірыңғай тізілімінде қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша тіркеліп, анықтау басқармасы тергеуді жүзеге асыруда. Осы іске қатысы бар деген құқықтық тұлғалардың барлығына баға берілетін болады.