Алматыда самокатпен баланы қағып кеткендерге іздеу жарияланды

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Онда төрт жасар баланың зардап шеккені айтылады. Ал оны қаққан белгісіз біреулер тоқтамастан жүрісін жалғастырған. Осы дерекке орай тергеу амалдарын қолға алған Алмалы аудандық полиция басқармасы кінәлілерді анықтауға кіріскен.

Павлодар облысында құрғақ шөп пен қамыс жанып, өрттің жалпы аумағы 60 гектарды құрады. Ертіс өзенінің маңында тұтанған қызыл жалын тез күш алып, жан-жаққа тараған. Ал оны сөндіру үшін Заря ауылындағы бекет пен төтенше жағдайлар департаментінен барлығы 30-ға жуық адам мен 8 арнайы техника жұмылдырылды. Зардап шеккен ешкім жоқ. Өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі кейін белгілі болмақ. Ал Ақсу қаласындағы бау-бақша ұжымының бірінен шыққан өрт от жағу кезінде қауіпсіздік ережесінің сақталмауынан болған. Тілсіз жау үйлер мен өзге де нысандарды шарпымағанымен бір жарым гектар аумақта өскен шөп жанып кетті.