Петропавлда автокөлік ағашқа соғылды

Петропавлда автокөлігімен жүйткіген жүргізуші ағашқа соғылды, деп хабарлады Polisia.kz.

Апат мамырдың төртінен бесіне қараған түні болған. Жамбыл – Чайковский көшелерінің қиылысында «Renault» көлігін басқарған 34 жастағы қала тұрғыны рөлге ие бола алмай қалған. Көлік ағашқа соғылып, сынған ағаш жол үстіне құлаған. Жүргізуші медициналық мекемеге жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді. Тексеріс кезінде ер адамда көлікті басқару құқығы болмай шыққан. Сондай-ақ ол медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан. Алайда, бұл әрекеті жақсылыққа апарған жоқ, себебі медициналық куәландырудан бас тарту құқықбұзушылық болып табылады.

«ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 613-бабы 9-бөлігі – медициналық куәландырудан өтуден бас тартқаны, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ болғаны үшін және аталған Кодекстің 610-бабының 3-бөлігі – жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін қала тұрғынына қатысты екі хаттама толтырылды. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Петропавл қаласының Мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді. Сот қаулысымен жүргізушіге 25 тәулік түріндегі әкімшілік қамау және 60 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл белгіленді. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды», – деді Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны штабының бастығы Оксана Попова.