Атырауда әлем чемпионын атып өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты

Есенбек Сиғуатовты аңшы мылтығымен атқан Мағзұм Бекет 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал қылмысты жасырмақ болған сыбайласы Бейімбет Дүйсенғалиев 3 жылға сотталды. Бірақ бауыр еті баласынан айырылған ата-ана сотта маңызды ақпараттар айтылмай қалғанын айтады. Олардың сөзінше, қос қылмыскердің бұрын полиция қызметкері болғаны жасырылған. 18 жастағы грепплингтен Азия чемпионы былтыр тамызда кісі қолынан қаза тапқан еді. Марқұм Есенбек Сиғуатовқа қала маңындағы төбелес кезінде оқ атылған.

Тыныштық Нұрымова, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

– Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 99 бабы 2 бөлімінің 6, 9-тармақтары бойынша қасақана қылмысы үшін Мағзов Бекетке 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 432 бабында көзделген құқық бұзушылық жасағаны үшін, яғни қылмысты жасырмақ болған ниетте қаруды суға жасырғаны үшін Дүйсенғалиев Бейімбетке 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.