Риддердегі өрт: полиция тергеу жұмыстарын бастады

Шығыс Қазақстан облысында өрт сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Осыған байланысты жергілікті полиция департаменті оқиға бойынша соталды тергеу жұмыстарын бастады. Қазіргі таңда қызыл жалынның неден басталғаны туралы барлық нұсқа қарастырылып жатыр. Тілсіз жаудың үлкен аумақты шарпығаны соншалық, тұрғын үйлерді де жалмады. Нақтырақ айтсақ, 14 үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Кейін анықталғандай, күл арасында әйел адамның мәйіті табылды. Екі адам қатты күйік жарақатын алған. Ал соңғы ақпарат бойынша, Риддер қаласында 35 үй мен шаруашылыққа арналған 9 нысан отқа оранды. Өртті сөндіруге 500-дей адам, 69 бірлік техника жұмылдырылған. Бұл – төтенше жағдайлар қызметі, орманшылар, жергілікті атқарушы органдар мен полицейлер. Одан бөлек, оқиға орнына Нұр-Сұлтан мен Павлодар қалаларынан бүгін таңғы сағат жеті жарымда қосымша екі тікұшақ жіберіледі.

Өрт ошағы болған Лесхоз кентінен 10 шақты тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Олар сол жерде колледж бен әлеуметтік сауықтыру орталығына орналастырылды.