Риддердегі өрт: күдікті орман ортасында кәуап пісірген

Шығыс Қазақстанда Риддер қаласы маңындағы алапат орман өртіне себепкер болуы мүмкін деген күдікпен 35 жастағы азамат ұсталып, қамауға алынды.

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің өкілдері арнайы брифингте мәлімдеді. Белгілі болғандай, күдіктінің жасы 35-те. Бұрын сотталмаған. Кейбір деректер бойынша Ресей азаматы деген ақпарат бар. Ол өз отбасымен орман ортасына барып, кәуап пісірген. Алайда абайсызда сол жердегі құрғақ шөпке от тиіп кеткен. Алдымен жалынды өзі өшіруге тырысып көрген, бірақ шамасы жетпеген соң өрт тұтанған жерді тастап, ешкімге хабарламастан кетіп қалған. Қазір полиция қызметкерлері тарапынан құрылған арнайы жедел-тергеу тобы сол маңдағы барлық бейнежазбаларды тегіс қарап, куәгерлерден жауап алуда. Тиісті сот сараптамалары да тағайындалды. Ал күдіктіге тағылған айып расталған жағдайда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынатын болады.