Баласын мұздатқышқа салып қойған әйел мәжбүрлеп емдеуге жіберіледі

Алматы облысында өз баласын өлтіргені 27 жастағы келіншек арнайы психиатриялық стационарға жатқызылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тергеу барысында күдіктінің шизофрения ауруына шалдыққаны анықталған. Әрі оның қоғамға қауіп төндіруі мүмкін екені дәлелденді. Осы себепті қылмыстық іс тоқтатылды.

Айта кетейік, қазан айының бесі күні Қаратал ауданындағы үйлердің біріндегі тоңазытқыштан екі жастағы баланың денесі табылған еді. Кейін бүлдіршінді өз анасы тұншықтырып өлтіргені белгілі болды.

Қайғылы оқиға 2020 жылғы қазанда белгілі болды. Полицияға баланың әпкесі арыз түсірген. Оның айтуынша, ол шілдеден бері жиенін көрмеген. Ал баланың анасы оны Талдықорғанда күтушіге бергенін айтқан. Сәбидің жағдайына алаңдаған әпкесі үйде ешкім жоқта терезеден кіріп, мұздатқыштан баланың денесін тапқан.

Полицейлер бірнеше сағаттан кейін Үштөбе қаласының 27 жастағы тұрғынын ұстаған. Әйел баласын өлтіргенін мойындаған. Оның айтуынша, баланың әкесімен ажырасқан.