Оралда сән салонында шашын боятқан әйел ауруханаға түсті

Оралда сұлулық салонында шашын боятқан келіншек ауруханадан бір-ақ шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

38 жастағы Зүлфия Ділімбетоваға тәжірбиеден өтіп жүрген жас маман тегін қызмет көрсеткен. Қалған шеберлер оның жұмысын бақылап қарап тұрған. Шашын бояп болған кезде клиенттің жағдайы күрт нашарлайды. Зардап шегушінің айтуынша, дем жетпей, қол-аяғы құрыса бастаған. Салон қызметкерлері өз бетінше көмек көрсетуге тырысқанымен, нәтиже шықпай, жедел жәрдем қызметкерлері Зүлфияны қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жеткізеді. Дәрігерлер оның анафилактикалық шок жағдайында болғанын айтты. Қазір науқастың жағдайы бірқалыпты, терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Зүлфия Ділімбетова, қала тұрғыны:

- Осы жағдайға байланысты тергеу комитетіне арыз жаздым. Жауап келді, қылмыстық құрамы жоқ деп айтты. «Себебі ешқандай өлім болған жоқ, ешкім сізге шабуыл жасаған жоқ. Сіз өз аяғыңызбен бардыңыз. Өзіңіз келістіңіз соған, бірақ азаматтық сотқа арыз жазасыз» деді. Сол кезде жедел жәрдем шақырмағаны үшін жазаға тартқым келеді оларды. Өмірмен күресіп жатқанда олар өз дәрігеріне звондап, телефон арқылы мені емдеп, қарап тұрды менің жағдайыма.

Хадижат Догруева, салон директоры:

- Жедел жәрдем шақырғысы келмеді деуі жалған. Өйткені біз ол жерде қандай да бір шешім қабылдауға қауқарсыз едік. Бір минут өтпей-ақ жедел жәрдем шақырғанымыз бейнебақылау камераларына жазылған. Оған дәлел жеткілікті. Біздің ол кісіге шұғыл көмек көрсетуден басқа ниетіміз болған жоқ. Кетіп бара жатқан сәтте ол біздің қызметкерлерге алғысын айтқанын бәрі естіді. Бірақ кейін не болғаны бізге беймәлім.

Сондай-ақ...