Есірткіні түрмеге қоқыс тасығыш көлікпен алып кірмек болды

Қарағанды облысындағы АК-159/18 түзеу мекемесіне есірткі өткізбек болғандардың жолы кесілді. 49 жастағы ер адам тыйым салынған заттарды қоқыс таситын көлікке жасырып өтуге әрекеттенген.

Оны жедел бөлімінің қызметкерлері әшкереледі. КамАЗ көлігін тексеру кезінде қоқыс контейнерінің астынан ұялы телефон, ақ түсті 20 таблетка, ұнтақ салынған қорапша табылған. Қазіргі таңда бұл іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жалпы жыл басынан бері өңірдегі түзеу мекемелерінде тыйым салынған заттарға қатысты 15 қылмыстың жолы кесілді.

Рүстем Байменов, АК-159/18 түзеу мекемесі кезекші бөлімінің басшысы:

- Қоқыс таситын көліктің жүргізушісі тыйым салынған заттарды қолғаптың ішіне жасырып өткізбек болған. Тексеріс кезінде ұялы телефон, жасыл түсті зат, ақ түсті таблеткалар мен ұнтақ заттар табылып, дереу жедел-тергеу тобы шақырылды.