Көкшетауда жоғалған мұғалім қаңғыбастар арасынан табылды

Ақмола полицейлері СҚО-лық жоғалған мұғалімді Көкшетау қаласының қараусыз қалған орындарының бірінен белгілі тұрағы жоқ адамдар арасынан тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, ақмолалық полицейлер СҚО-дан Көкшетауға келіп, жоғалып кеткен 32 жастағы мұғалімнің тұрған жерін анықтады.

«Ол Көкшетау қаласындағы қараусыз қалған жерлердің бірінен табылды. Онда ол белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар арасында түнеп шықты. Ер адам бұл әрекетін түсіндіріп бере алмады. Оған қатысты қандай да бір қылмыс пен құқық бұзушылық жасалмағаны анықталды», - деп атап өтті ведомстводан.

Полицейлер тек жыл басынан бері Ақмола облысында 33 адам жоғалып кеткенін, оның 26-сы іздестірілгенін айтты.

Жалпы облыс аумағында 30 адам іздестірілуде. Бұған еріктілер мен жергілікті тұрғындар жан-жақты көмек көрсетіп отыр.

Еске сала кетейік, 10 мамыр күні сағат 17:17 кезінде Көкшетау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне СҚО ауылдарының бірінен 53 жастағы тұрғын хабарласып, Көкшетау қаласына кеткен 32 жастағы ұлын іздеуге көмек сұраған болатын.