Ақсай қаласында тамақтан ұшынған адам саны 9-ға жетті

Ақсай қаласында тамақтан жаппай ұшынған адамдар саны 9-ға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осыған дейін Ақсайда 6 адам тамақтан ұшынып, ауруханаға түскен болатын болатын.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті нақтылағандай, өткір гастроэнтероколит деген күдікпен барлығы 9 адам дәрігерге жүгінген. Бұлардың алтауы аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне, соның ішінде екеуі жансақтау бөліміне жатқызылған.

Қазыр науқастардың барлығы жұқпалы аурулар бөлімшесінде жатыр. Сонымен қатар 3 адам амбулаторлық ем алуда. Олардың барлығының жағдайы орташа ауыр. Бөрлі ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары тексерген кезде компанияның 7 қызметкері 10 мамыр күні Қарашығанақ газ-мұнай конденсаты кенішінде орналасқан асханалардың бірінде кешкі тамақ ішкені анықталды. Екі қызметкер тамақты үйге алып кеткен. Соның салдарынан отбасының екі мүшесі ұшынды.

«Ауруханаға түскен кезде науқастардың бәрі іші өтіп, құсқаны, дене қызуының көтерілгені жөнінде айтып шағымданған. Қазіргі таңда аталған асханаға қатысты жоспардан тыс тексеру басталды, зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жалғасуда» деп хабарлады ведомстводан.