Алматыда жасанды шаш пен мұрт қойып көлік ұрлағандар ұсталды

Олар 13 мамыр күні Медеу ауданындағы ауланың бірінен «Лексус» көлігін ұрлап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күдіктілер техникалық құрылғы көмегімен машинаның пультіндегі сигналды оқып, байқатпай есігін ашып алған. Содан соң лезде ізін суытқан. Қаскөйлер бірнеше күн бойы оңтайлы сәтті күткен дейді сақшылар. Арнайы топ ұрыларды қолға түсіріп, Алматы облысы Талғар ауданы Бесқайнар ауылында жасырулы тұрған қымбат көлікті иесіне қайтарып берді. Енді 66, 51 және 39 жастағы үш адам заң алдында жауап береді.

Қанат Таймерденов, қалалық Полиция департаментінің басшысы:

- Бірінші факт емес. Басқа да фактілер ұйымдастырамыз деп арнайы қаражатқа интернет арқылы заттар алынған. Мұның ішінде телефондар, қолшатыр бар. Үшеуі де бұрын сотталған. Қазір арнайы топ құрылып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы азаматтардың басқа да қылмысқа қатысы барын тексеріп жатырмыз.