Елордада бір жастағы бала төртінші қабаттан құлап кетті

Елорда полицейлері қала тұрғындарына балалардың қауіпсіздігіне қатысты ескерту жасады.

Себебі күн жылынғаннан бастап балалардың тұрғын үй терезінен құлау қаупі артады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жыл басынан бері елордада көпқабатты үйдің терезесінен төрт бала құлап, біреуі мерт болды.

«18 мамыр күні кешқұрым қалалық аурухананың жансақтау бөліміне төртінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алған бір жасар бала жатқызылды. Пәтерде екі жастағы және бір жастағы қос сәбиімен анасы бірге болған. Балалардың анасы кір жуып жүргенде сәбидің бірі асүйдің ашық тұрған терезесінен құлап түскен. Терезеде москит торы болған, ал қауіпсіздік жабдықтары орнатылмаған», - делінген Полиция департаменті мәліметінде.

Бұдан бөлек, өткен аптада 4 жастағы бала 10-қабаттан құлап, мерт болды. Осы орайда полицейлер көктем және жаз кезінде балалардың терезеден құлауы секілді қайғылы оқиғалар жиілеп кететінін айтып отыр. Мамандар ашық терезенің алдында баланы қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ арнайы қауіпсіздік торларын орнатуға кеңес беріп отыр.