Алматы маңында жол апатынан полиция қызметкері қаза тапты

Алматы облысы аумағында полиция қызметкері жол апатынан көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жол апаты бүгін таңғы сағат 9:00 шамасында Алматы облысының Қарасай ауданында болды. Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, Көлді-Жалпақсай тас жолында Mazda-626 автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, 22 жастағы Алматы қаласы патрульдік полициясының инспекторы Нәдір Қалымов тізгіндеген Lada Granta автокөлігімен соқтығысқан. Соққы инерциясымен Lada жол шетіне қарай ұшып кетіп, ағашқа соғылған.

«Полиция кіші сержанты Н.Қалымов түнгі ауысымнан үйіне қайтып келе жатқан, бірақ ол үйіне сол күйі жете алмады: полицей алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Әртүрлі дене жарақаттарын алған Mazda-626 көлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады полициядан.

Аталған факті бойынша Алматы облысы ПД Қарасай ауданының полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізеді.

Полиция кіші сержанты Нәдір Қалымов ішкі істер органдарында 2019 жылдың қыркүйегінен бастап қызмет етті. Оның артында анасы мен аяғы ауыр келіншегі қалды.