Ақтауда ер адам суға кетті

Ақтауда көп қабатты үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түсті. Үй тұрғындарының үрейін ұшырған оқиға түн ішінде болған. Ал Өскеменде монша отқа оранды, деп хабарлайды «Хабар 24».

МОНША ОТҚА ОРАНДЫ

Өскеменде тұрғын үйге жапсарлас салынған монша өртенді. Ғимараттың төбесінен басталған қызыл жалын әп-сәтте жақын орналасқан шаруашылық нысандарын шарпыған. Отқа оранған аумақтың жалпы көлемі 140 шаршы метрді құрайды. Құтқарушылар өртті дер кезінде сөндіріп үлгерді. Алдын ала болжам бойынша, өртке техникалық қауіпсіздік ережелерінің дұрыс сақталмауы себеп болған. 

ЕР АДАМ СУҒА КЕТТІ  

Ақтауда рұқсат етілмеген жерде шомылған ер адам суға кетті. Қайғылы жағдай қаладағы ірі кәсіпорынның жанында болған. Куәгерлердің айтуынша, қала тұрғыны мас күйінде көпірден суға секіріп кеткен. Оның денесін құтқарушылар төрт метр тереңдіктен алып шықты.

ПИҒЫЛЫ ӘШКЕРЕ БОЛДЫ

Павлодардың полицейлері жарық бағанасын жұлып алған қаскөйді іздестіруде. Ер адамның қисынсыз әрекеті сырттағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Оның екінші бағананы сындырмақ болған жоспары жүзеге аспапты.

Оқиға облыс орталығындағы Пахомов дүкенінің жанында болған. Бұзақының не себепті мұндай іске барғанын тәртіп сақшылары анықтайтын болады.

ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ҚАС БЕТІ ҚҰЛАП ТҮСТІ

Ақтауда тұрғын үй қабырғасының қаптамасы құлап түсті. Осы оқыс жағдайдан газ құбырына зақым келіп, пәтерлердің салқындатқыш құралдары бекіткіден босап кеткен. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында қала әкімінен өкілдер және төтенше жағдайлар басқармасы, ОСИ бірлескен тобы жұмыс істеуде. Қалаға газ таратушы мекеме қауіптің алдын алу мақсатында уақытша көгілдір отын беруді тоқтатты. Жағдай сейілгеннен кейін құбырлар тексерістен өтіп, газ қайта берілетін болады. Құрылыс қалдықтары арнайы техниканың көмегімен тазартырылып жатыр. Қабырғаның қалған ажырап тұрған бөліктері сүріліп, өзге де ақаулар бойынша жұмыстар жүруде.