СҚО-да өзен жағасында суретке түспек болған екі бойжеткен суға кетті

Соңғы селфи! Петропавлда оқытушы мен студент суда суретке түсеміз деп ажал құшты, деп хабарлады «Хабар 24».

Қайғылы жағдай кеше қала шетіндегі демалыс орнында болған. Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің бір топ балалары табиғат аясына шығып, Есіл өзенінің жағасына барған. Сол жерде бәрі бірге суретке түсіп, 27 жастағы мұғалім мен 20 жастағы бойжеткен қыз қатты ағысқа батып кеткен. Олардың денелері 7 метр тереңдіктен табылды. Қазір осыған байланысты оқу орнында қызметтік тексеріс жүріп жатыр.

Бақытгүл Солтанова, Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж директорының орынбасары:

– Біз, колледж әкімшілігі жексенбі күні қыздардың демалысқа шығуы туралы хабардар болған жоқпыз. Суға түсуге барған. Сол кезде аяқтары тайып кеткен екі қыздың. Ағым қатты болған. Есілдің ағымы қатты болған. Құтқаруға да үлгермей қалған.

Мұрат Қанғожинов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

– Біріншіден, ағыс қатты. Судың асты жар. Олар бірінші рет терең емес жерде суретке түскен. Екі қыз әрі қарай барамыз дегенде құлап кеткен.