СҚО-да асыл тұқымды малдан құтыру ауруы шықты

Солтүстік Қазақстан облысындағы «Алабота» асыл тұқымды мал зауытында құтыруға қатысты шектеу шаралары енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында СҚО Тайынша ауданы Алабота ауылдық округінің Аққұдық ауылында орналасқан «Племзавод Алабота» ЖШС мал фермасы аумағында шектеу шараларының енгізілгені айтылған. Оған ірі қара малдың арасында құтырма ауруының анықталуы себеп болған. Серіктестік қазақтың ақбас сиыры, ангус, гольштейн тұқымды ірі қараны өсіріп, сатумен айналысады.

«Бұл шаруашылықта 395 бас ірі қара мал бар. 340-қа жуық жылқы ұстайды. Құтырма ауруының таралуына жол бермей, алдын алмаса зардабы өте үлкен. Ол алдымен адамға қауіпті. Сондай-ақ малдың жаппай қырылуына әкеліп соғады», - дейді СҚО ветеринария басқармасының бас маманы Нариман Тасболатов. Мамандардың айтуынша, асыл тұқымды мал зауытында бір сиырдан құтырма анықталған. Жалпы қазір өңірде құтырма ауруының 10 ошағы бар. Оның біреуінен, яғни Тимирязев ауданы Докучаев ауылдық округінің Докучаев ауылындағы «Атамекен-Агро-Тимирязево» ЖШС кешенді ветеринарлық іс-шаралардың жүргізілуіне байланысты шектеу іс-шаралары тоқтатылды.