Алматы маңында оқушы 9 қабатты үйдің төбесінде ойнап жүріп құлап кетті

Алматы маңындағы ауылдардың бірінде оқушы 9 қабатты үйлердің ортасына құлап кетті. Ол сол жерде көз жұмған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Жазатайым оқиға 24 мамырда кешкі сағат 18:00-де Талғар ауданы Бесағаш ауылында болған. Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан кадрлар жариялаған куәгердің айтуынша, бала үйдің төбесінде басқа балалармен ойнап жүрген. Олар бір үйден екінші үйге өтіп жатқанда ғимараттар арасын жауып тұрған бөгет баланың салмағын көтере алмағаны хабарланды.

Алматы облысының ТЖД мәліметінше, қайғылы оқиға құрбаны – 12 жастағы бала.

«Үлкендердің қарауынсыз қалып, балалармен үйдің төбесінде ойнап жүргенде ол абайсызда сейсмотермошва аралығына құлап кеткен. Оның ені – 60 сантиметр, ұзындығы – 17 метр, биіктігі – 27 метр. Бала оқиға орнында қаза тапты», – деді ведомство өкілдері.

Өңірлік ТЖД өкілдері тұрғындардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұрады.