Қостанайда 9-сынып оқушысы суға кетті

Қостанайда жасөспірім суға кетіп қайтыс болды. 9-сынып оқушысы досымен жаңа жағалаудағы жасанды көлшікке шомылуға барған. Құтқарушылардың мәліметінше, жасөспірім 20 минуттай жүзіп жүріпті. Алайда бір сәтте көлшік астындағы 3 метр шұңқырға түсіп кеткен. Сүңгуірлер оны судан шығарғанымен аман алып қала алмады. Жағалауда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан жасанды көл жанына шектеу белгілері әлі қойылмаған.

Азамат Өрімбаев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Сүңгуірлердің айтуынша, жасанды көл астында терең шұңқыр бар, бірден төмен құлдилап кетеді. Сондықтан бала батып кетті. Қазіргі кезде полиция қызметкерлері оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.

Көкшетауда қоқыс полигонынан  өрт шықты. Күндізгі сағат екінің шамасында тұрмыстық қалдық жана бастаған. Өртті сөндіруге төтенше жағдай қызметінен 12 адам және 3 техника жұмылдырылды. Коммуналдық мекеме қызметкерлері де көмек берді. 

 

Өскеменде көп қабатты үй өртеніп, 8 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Олардың төртеуі бала. Пәтердің 4 шаршы метр аумағы жанған. Өкінішке орай, Хаски тұқымдас ит пен дүние-мүлік жанып кетті.