Астаналық үлескерлердің 2 млрд теңгесін жымқырып қашқан әйел Ресейде ұсталды

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің қызметкерлері Санкт-Петербургтегі әріптестерімен бірлесіп, халықаралық іздеуде жүрген 39 жастағы әйел адамды ұстады, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Елордалық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктіге 2019 жылдың қазанында сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және талан-таражға салу айыбы тағылған. Қазіргі кезде ол Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Күдіктіні Қазақстан Республикасына экстрадициялау мәселесі шешілуде. Ол полициядан жасырыну үшін Ресейдің әртүрлі аймағында тұрғылықты жерін үнемі ауыстырып отырған. Бет-әлпетін өзгертіп, жалдамалы пәтерлерде тұрған. Өзінің туыстарымен сенімді адамдар арқылы байланысқан», - деді ведомстводан. Полиция ақпаратына сәйкес, күдікті Нұр-Сұлтан қаласында «Талисман» көп пәтерлі үйдің құрылысы үшін «Жеңіс Астана Премиум» тұрғын үй құрылыс кооперативін тіркеген. Осы мақсатта ол инвесторларды тарта бастаған. Тұрғын үй кооперативі құрамына жаңа мүшелерді тарту және жарналарды алу арқылы адамдардан қомақты соманы жинап алып, өзі иемденген. Үлескерлерден жиналған ақшаның орташа сомасы 2 миллиард теңгені құрайды.