Түркістан облысында тауда жоғалған туристерге қатысты тергеу басталды

Түркістан облысында тауға саяхатқа шығып, жоғалып кеткен студенттердің екеуінің денесі табылды.

Марқұмдардың бірі – 22 жастағы азамат. Оның денесі түнгі 12 жарымда Өгем өзенінен, ал екіншісі бүгін сол Өгем өзенінен 3 шақырым жерден табылды. Қалған екі адам іздестіріліп жатыр. 

Шамамен 20-22 жастағы жеті жігіт 21 мамыр күні Сайрам-Өгем табиғи Ұлттық паркіне саяхатқа аттанады. Тау бөктерін үш күн аралап, қайта ораламыз деп ата-анасына ескерткен екен. Алайда межелі уақыттан кешігеді. Хабар болмаған соң туыстары алаңдап, іздеу салады. Құтқарушылар тікұшақ арқылы тау бөктерін үш күн шолып, 28 мамырда үш жігітті аман есен тапты.

«Біз 21-і күні пикқа шықтық. Екі күн пикқа жеткеннен кейін қайтып келе жатқан кезде жолда адасып кеттік. Жеті адамның бірі ауырып қалды. Сол үшін үшеуі бір орында қалды да, төртеуі ары қарай кетті. Үшеуміз сол жерде үш күн түнедік. Бүгін шығып келе жатқан кезде бізді тауып алды ТЖД қызметкерлері».

Табылған үш жігіт Төле би ауданында орналасқан шұғыл штабқа жеткізіліп, ата-аналарына тапсырылды. Медициналық немесе психологиялық көмекке мұқтаж емес. Құтқарушылар солардың айтқан дерегі бойынша іздеуді жалғастырды.

Ерік Сарыбаев, Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары:

– Табылғандардың айтуынша, қалған төртеуі Өгем шатқалынан төмен қарай кеткен дейді. Сол жерлерді тікұшақ арқылы зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ басқа бағыттарда да біз іздеу жұмыстарын тоқтатып жатқан жоқпыз.

Құтқарушылар түнгі 12 жарым кезінде Өгем өзенінің бойынан жоғалған төрт жігіттің біреуінің денесін тапты. Түске қарай үш жақырым жерден екіншісі табылды.

Ерік Сарыбаев, Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары:

– Қазіргі таңда екі дене де полиция қызметкерлеріне тапсырып, анықтау және экспертиза жұмыстарына кірісіп кетті.

Марқұмдардың өліміне не себеп болғаны белгісіз. Тергеу басталып кетті. Ал қалған екі азаматты іздеу жалғасып жатыр. Оған ТЖД қызметкерлері, ұлттық парктің орманшылары, полиция, атты шекарашылар және туыстары жұмылған.

Талғатбек Әбдіқожа, Рауль Ғабитов