Ақтауда суға кеткен серфингші әйел құтқарылды

Ақтауда серфинг тақтасымен теңізде жүзген 40 жастағы әйел жағалаудан 300 метр қашықтықтап кетіп, қайта орала алмаған. Әбден әлсіреп, толқынға қарсы жүзуге шамасы келмеген келіншекті құтқарушылар судан аман алып шықты. Медициналық көмекті қажет еткен жоқ.

Қызылордада көп қабатты үйдің ауласында тұрған жеңіл көлікті ұрлап кеткен ер азамат ұсталды. Оны қолға түсіру үшін полицейлер «Тосқауыл» жоспарлап, бірнеше экипаж жұмылдырылған. Бөтеннің көлігін тізгіндеген азамат Қызылорда қаласының тұрғыны болып шықты. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.

Алматыда жол-көлік оқиғасын жасап, қашып кеткен жүргізуші іздестірілуде. Полиция департаментінің мәліметіне сенсек, «Daimler Benz» маркалы көлік жүргізушісі қарсы бетке шығып, «Тайота RAV 4» көлігімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан «Тойота» көлігінің жүргізушісі мен жолаушылары зардап шеккен. Олар ауруханада жатыр. Полицейлер қашып кеткен көлік жүргізушісін іздеп жатыр.

Павлодар облысы Ақсу қаласының маңындағы Нұр-Сұлтан – Өскемен тас жолында жүк көлігі аударылып қалды. Қарсы бағытпен келген «Волга» көлігінің 67 жастағы жүргізушісі басты жолдағы «Камаз-5320» маркалы жүк көлігіне жол бермеген. Қақтығыстан қашпақ болған жүк көлігі қарсы бағытқа шығып, аударылған. Адам шығыны жоқ.

Алматы облысында ірі есірткі алқабы анықталды. Қарасу ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінің ауласынан 5 мың 633 түп қара сора өсімдігі табылған. Оқиға орнынан 38 жастағы азамат күдікті ретінде ұсталып, сотқа дейінгі тергеу басталды.