Екібастұз маңында автобус жылқымен соқтығысты

Екібастұз маңында автобус жылқымен соқтығысқан.

Жолаушылар зардап шекпегенімен, жүргізуші жарақат алды. Мал иесіне айыппұл салынды, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 31 мамырда Павлодар – Қызылорда тасжолында Өскемен – Қарағанды бағытында жүріп келе жатқан автобус жылқымен соқтығысқан. 

Нәтижесінде жарақаттанған жүргізуші ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов айтты.

«Жылқы трассада иесінің қарауынсыз жүрген. Екібастұз полицейлері мал иесін анықтады. Ол Бәйет ауылының тұрғыны болып шықты. Оған 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - дейді Ғалым Сарғұлов.

Одан бөлек, автобус қызмет көрсететін ұйымға сотқа жеке шағымдану ұсынылды.

Айта кетейік, автобуста 23 жолаушы, оның ішінде екі бала болған.