Қызылордада газ баллоны жарылып, екі адамды күйік шалды

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Қожакент елді мекенінде газ баллоны жарылып, екі адамды күйік шалды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Оқиға 1 маусымда кешкі сағат 20:30 шамасында болған. Үй алдындағы уақытша баспананың кіреберіс бөлмесінде 27 литрлік газ баллоны жарылған.

«Оқиға барысында үйдің иесі 55 жастағы әйел адамның денесінің 80 процентін, алты жасар қыз баланың денесінің 50 процентін күйік шалған. Олар Жаңақорған аудандық ауруханасына жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деп мәлім етті облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен.