Нұр-Сұлтанда дүкеннен ет пен кофе ұрлаған жігіт «олжасын» көшеде сатты

Нұр-Сұлтанда 25 жастағы жігіт дүкеннен 6 банка бұқтырылған ет пен 2 банка кофені ұрлап кетті.

Бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Сөмкесі мен қалтасына жасырып алып шыққан консервілерді ол көшедегі адамдарға сатқан. Полиция қызметкерлері үшін ұры жігітті ұстау қиындық тудырған жоқ. Қазір оның басқа да осы ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Қызылордада полиция инспекторлары жол ережесін бұзып, тұрғындардың өміріне қауіп төндірген «Ауди 100» маркалы автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің көлікті мас күйінде басқарғаны анықталды. Сараптама нәтижесі құқық бұзушының жеңіл дәрежелі мас екенін нақтылаған. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Атырауда велосипед ұрлығы бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Көшеде тұрған вилосипедті белгісіз адамның айдап әкеткені туралы хабар полицияға түскен бойда, жедел іздеу жұмыстары басталған. Көп ұзамай 1980 жылы туған ер адам  күдікті ретінде ұсталып, жедел тергеу тобына тапсырылды.