Алматы-Қорғас жолында көлік өртенді: екі әйел тірідей жанып кеткен

Ең жақын өрт сөндіру бекеті 45 шақырым жерде болған. Екі әйел өртенген көліктен шыға алмай қалған.

Алматы облысындағы Алматы-Қорғас тас жолында көлік өртеніп кетті. Өрттен екі әйел қаза тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Әлеуметтік желіде жалынға оранған шетелдік көліктің видеосы пайда болды. Автор көлікте екі әйел болғанын айтады. Олар салоннан шығып үлгермей, тірідей жанып кеткен.

«Көлік толығымен өртенді. Оның ішінен екі әйел шыға алмай, жанып кетті. Ешқандай көмек көрсетілмеді», – дейді видео авторы.

Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі автокөліктің 3 маусымда Еңбекшіқазақ ауданындағы Алматы-Қорғас тас жолының 82-ші шақырымында өртенгенін растады.

«Ақпарат сағат 17:59-де келіп түсті. Оқиға орнына төрт қызметкер мен бір техника аттанды. Ең жақын өрт сөндіру бекетінен қашықтық 45 шақырымды құрады. Көліктен екі жолаушының өртеніп кеткен денесі табылды. Өрттің себебі анықталып жатыр», – деп хабарлады ведомстводағылар.

Сондай-ақ, төтенше жағдайлар департаменті өрттің шығу себебін анықтау үшін оқиға орнына өрт-сынақ зертханасы шақырылғанын атап өтті. Оқиғаның мән-жайын тиісті органдар тексеріп жатыр.