Түркістан облысында жоғалған туристердің заттары табылды

Бүгін Түркістан облысының құтқарушылары жоғалған туристердің заттарын тапты.

Жемпір, аяқ қиім мен ұйықтауға арналған қап Айғыржыққан және Өгем өзендері тұсынан табылған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады. Жоғалып кеткен туристің анасы баласының заттарын таныды. Өңірдегі іздестіру жұмыстары 15 күн бұрын басталған. Оған Түркістан облысының төтенше жағдайлар қызметімен бірге тәртіп сақшылары, шекара қызметі, Орман шаруашылығы, Өзбекстан құтқарушылары және жоғалған туристердің туыстары жұмылдырылды. Бұған дейін жоғалған үш турист құтқарылып, екеуінің мәйіті табылған болатын. 

Ерік Сарыбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- 8 маусым жағдайы бойынша Түркістан облысындағы 2 туристі іздестіру жалғасуда. Оның нәтижесінде 1 туристің қыстық жемпірі, жататын қабы, 2 дана маска, сланцысы табылды. Іздестіру таулы аймақта жалғастырылуда.