Ақмола облысында қызын құтқармақ болған ана суға батып кетті

Оқиға Целиноград ауданына қарасты Отаутүскен ауылының маңында болған.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сүйенсек, 1978 жылғы әйел 10 жасар қызымен Нұра өзеніне балық аулауға барған. Бала жағаға жақын маңда суға шомылып жүрген. Алайда оның өзен арнасының орта тұсына жетіп қалғанын анасы байқамай қалған көрінеді. Дереу оны құтқармақ болған әйел баласымен бірге ағып кеткен. Қыз шамамен 30 метрден кейін ағаш бұтақтарынан ұстап, аман қалған. Ал анасын құтқару мүмкін болмаған.

Қанат Доспаев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

– Өзеннің аталған тұсы 7 метрге дейін терең. Ал ағыстың жылдамдығы секундына 1,5-2 метр. Міне, осы ағыс оларды ағызып алып кеткен. Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының құтқарушылары қосылып, 5-6 сағаттық іздеу жұмыстарынан соң әйелдің мәйітін тапты.