Шу ауданында тұрғын полицейді пышақтап кетті

Жамбыл облысының Шу ауданында полиция қызметкері жарақат алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға өткен түнде Шу қаласында болған. Облыстық полиция департаменті берген мәліметке сүйенсек, учаскелік инспектор сағат 22:50 шамасында шақырту бойынша отбасылық жанжал шыққан пәтерге барған. Алайда жұбайына зәбір көрсетіп жатқан отағасын тәртіпке шақырмақ болғанда 27 жастағы жігіт полиция қызметкерінің өзін пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Қазір учаскелік инспектор Шу қалалық ауруханасында жатыр. «Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», - дейді, әріптестері. Ал, полицияға шабуыл жасаған жігіт артынша ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Нұржан Қалметов, облыстық ПД басшысының орынбасары:

- Аталған дерек бойынша «Тосқауыл» ұстау жоспары жарияланып, іздеу жұмыстарына облыстық полиция департаментімен қатар Шу, Қордай, Мойынқұм және Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті Шу ауданының Алға ауылынан ұсталды және оның жеңіл дәрежедегі масаң күйде екендігі анықталды.