Қостанайда бір тәулікте 40 өрт сөндірілді

Қостанайлық құтқарушылар бір тәулікте 40 өртті сөндірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 38-інде теректен түсіп жатқан мамықтардың жану фактісі тіркелген. Оқиғалар, әсіресе, саяжай алабында болыпты. Бұдан бөлек қала орталығында осы мамықтың тұтануы салдарынан көлемі 100 шаршы метр шаруашылық алаң отқа оранған.

СҚО-ДА ГРАНАТАНЫ ҚОЛДАН ЖАСАП, ҮЙДЕ САҚТАҒАН

СҚО-ға қарасты Тимирязев ауданының 63 жастағы тұрғыны үйінде қолдан жасалған гранатаны сақтап келген. Күдіктінің үйін тінту барысында пышақ пен оқ қалдықтарына ұқсас заттар тәркіленді. Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол 5 жылға дейін абақтыға жабылуы мүмкін.

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДА КӨШІ-ҚОН ЗАҢЫН БҰЗҒАНДАР ЕЛДЕН ШЫҒАРЫЛДЫ

Павлодар облысында көші-қон заңнамасын бұзудың 113 дерегі анықталды. Мәселен, Екібастұз қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде 28 Өзбекстан азаматының жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқаны белгілі болды. Ал жұмыс беруші ішкі істер органдарына хабарламаған. Дәл осындай жағдай Баянауыл ауданының Жасыбай демалыс аймағында да тіркелді. Құрылыста еңбек етіп жүрген Өзбекстан елінің бірнеше азаматы 5 тәулікке арнайы қабылдау орнына орналастырылды. «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Павлодар облысы бойынша мыңға жуық шаруа қожалығы тексерілген.

Арман Уәлиев, облыстық ПД Көші-қон қызметінің басшысы:

– Ең басты мақсатымыз заңбұзушылықтың алдын алу екенін айтқым келеді. Қазір біздің алдымызда елімізге қандай мақсатпен келгенін білмейтін және кетуге асықпайтын адамдарды анықтау міндеті тұр. Олар жеке мүддесі үшін келіп, тиісті органдардың рұқсатынсыз жұмыс істеп жатқандар. Сот 10 адамды Қазақстаннан тысқары шығаруға шешім қабылдады

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЗАҢ БҰЗЫП, 65 КЕЛІ САЗАН АУЛАҒАН 

Алматы облысында 65 келі сазан балығын заңсыз аулағандар ұсталды. 21 және 24 жастағы Қарағанды облысының тұрғындары көлге ау салып, балық аулаған. Алайда бұл істің заңға қайшы екенін білмеген көрінеді. Енді олар 3 тен 6 жылға дейін қамауға алынуы мүмкін.