Қарағанды базарында ер адам тоққа түсіп көз жұмған

Қарағанды облысының Полиция департаменті Қарағандының «Горняк» базарында ер адамның өлімі бойынша тағайындалған сот-медициналық сараптама қорытындысын жариялады.

Оған сәйкес өлім электр тоғының соғуы салдарынан болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«9 маусымда болған жазатайым оқиға фактісі бойынша ҚР ҚК 306-бабы «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету« бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама жәбірленушінің өлімі электр тогының соғуы салдарынан болғанын анықтады», – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінен.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шараларын жүргізуде. 36 жастағы әйелдің өліміне қатысты екінші жағдайға келетін болсақ, полиция оның электр тоғынан көз жұмғаны туралы қауесетті жоққа шығарды.

«Бұған дейін хабарланғандай, 6 маусымда дәл осы ауданда 36 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Медициналық сараптама оның өлімінің себебі жүрек ауруы – «кеңейтілген кардиомиопатия» болғанын анықтады. Сондықтан әйел де электр тоғының соғуынан мерт болды деген болжамдар мен қауесеттерге еш негіз жоқ», – деп түсіндірді департаментте.