Түркістан облысында 150-ге жуық адамның атына кредит рәсімдеген алаяқ ұсталды

Түркістан облысында 150-ге жуық тұрғынды алдап, аттарына несие рәсімдеген алаяқ әйел ұсталды.

Күдіктіні қолға түсіруге банк қызметкерінің арызы себеп болған. Ол онлайн-несие рәсімдеуге қатысты күмәнді жайттар туындағанын және несие алушылар тарапынан ерекше белсенділік пайда болғанын жеткізген. Тексеру жүргізген жедел уәкілдер бірнеше алаяқтық әрекетті анықтаған. Ет сатумен айналысатын сайрамдық жас келіншек жәбірленушілерге «әр балаңызға 50 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек алып беремін» деп, сенімдеріне кіру арқылы құжаттарына қол жеткізген. Содан кейін онлайн-несие рәсімдеп келіпті. Оңай жолмен тапқан қаржыны өз қажетіне жұмсаған. Бүгінде алданғандар саны 147 адамға жетті. Қазір күдікті сот санкциясымен екі айға уақытша тергеу абақтысына қамалды.

Салтанат Қаракөзова, облыстық ПД Баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Тергеушілердің айтуынша, бұл азаматтардың саны да әлі де артуы мүмкін. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 190-бабы 3-бөлігі бойынша «Ірі мөлшердегі алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.