Петропавлда жоғалған көлік өртенген күйінде табылды

Петропавл қаласында жоғалған көлік Аққайың ауданында өртенген күйінде табылды, деп хабарлады Polisia.kz.

24 маусым күні таңертең Петропавл полициясына түнде біреулер Audi С4 автокөлігін айдап әкеткені туралы қала тұрғыны жүгінді. Аққайың ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Қиялы ауылының маңындағы жолда бағдарда көрсетілген көлікке ұқсайтын өртенген автокөлікті анықтады.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан Сапаровтың айтуынша, көлік қасында жол-көлік оқиғасында зардап шеккен екі адам болған. Екеуі де жедел жәрдеммен аудан орталығы Смирноводағы медициналық мекемеге жеткізілді.

Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша енгізілді. Тергеу жүргізілуде.