Оралда бүлдіршін үшінші қабат терезесінен құлап кетті

Оралда үш жасар ұл бала үшінші қабаттағы пәтер терезесінен құлап кетті, деп хабарлады ҚазАқпарат.

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 27 маусым күні сағат 20:30-да С.Меңдешев көшесі 11-мекенжайында орналасқан бес қабатты үйде болды. Ата-анасының қарауынсыз қалған үш жасар бала терезеден құлап кетті.

Ауруханаға жатқызылған баланың жағдайы орташа, ол жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған. БҚО денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, жедел жәрдем сағат 20:30-да шақыртылып, бригада бес минуттан кейін жетті. Бала облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.

«Бас пен мидың жабық жарақатын алған баланың қазіргі жағдайы тұрақты. Аурухананың травматология бөліміне жатқызылды», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 7 бала терезеден құлап кетті, олардың біреуі қаза болды.