ҰҚК Ауғанстаннан есірткі жеткізуді тұрақты ұйымдастырған топты ұстады

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының келісімі шеңберінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асырып, Ауғанстаннан Қазақстанға апиын есірткісін контрабандалық жеткізудің тұрақты арнасын ұйымдастырған трансұлттық есірткі құрылымының әрекетін анықтап, жолын кесті.

Халықаралық арнайы операция нәтижесінде 2021 жылғы 15 маусымда Алматы қаласында 25 кг есірткі құралын тасымалдау кезінде есірткі трафигін ұйымдастырушы және Ресейде осыған ұқсас есірткі қылмысын жасағаны үшін Ресей Федерациясының ФҚҚ іздестіріп жатқан «М» қылмыс үстінде ұсталды. Аталған адам қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында Тәжікстан Республикасы азаматының жалған төлқұжатын пайдаланған.

Сонымен қатар оның сыбайласы – Қазақстан Республикасының «К» деген азаматы ұсталды.

Сотқа дейінгі тергеу материалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 286-бабы 4-бөлігі және 297-бабы 3-бөлігі бойынша СДТБТ-ға тіркелді.

Есірткі акциясына қатысы бар өзге де адамдарды анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда.

ҚР ҰҚК баспасөз қызметі