Шардарада бірнеше жыл қатарынан балық аулаған браконьерлерге сот үкімі шықты

Түркістан облысындағы Шардара су қоймасынан бірнеше жыл бойы заңсыз балық аулаған браконьерлерге қатысты сот үкімі шықты.

Оңай олжаны кәсіп еткен топ құрамында ерлі-зайыптылар мен екі ағайынды болған. Олар 6 және 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.   

Естеріңізге сала кетейік, қылмыстық топ өткен жылдың жазында жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұсталған еді. Олардан 13 қайық пен балық аулау құралдары, екі тоннаға жуық жаңа ауланған және ысталған балық тәркіленген. Браконьерлер мемлекетке 8 млн теңге материалдық шығын келтірген.

Таразда 22 жастағы тұрғынның жалдамалы пәтерінен салмағы 1 кг 740 грамм кептірілген марихуана табылды. Оқиға «Самал» ықшам ауданында болған. Жедел алдын алу іс-шарасы барысында ұсталған күдікті өз кінәсін толық мойындады. Аталған факті 296-баптың 4-бөлігі «аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау» бойынша тергеп тексерілуде. Ол үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысында халықтан жиналған қару-жарақ жойылды. Балқытылған суық тапанша мен тегіс ұңғылы мылтық саны 600 дананы құрайды. Жедел-профилактикалық іс-шара барысында қаруын өз еркімен полицияға тапсырған  тұрғындар заң аясында тиесілі өтемақысын алды. Арсеналды жою үшін сегіз сағат қажет болды. 

Көкшетауда көп қабатты үйдің тұрғындары шұғыл эвакуацияланды. Тоғызыншы қабаттан өрт шығып, тұрғындар сыртқа қашып үлгірген. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жоғарғы қабаттан шыққан өртті сөндіруге арналған техниканы қолданды. Зардап шеккендер жоқ.